24
сентябрь
2026
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛДІ.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛДІ.
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Балалармен тікелей жұмыс істейтін ювеналдық полиция қызметкерлерінің тиімді қызмет атқаруына қажетті жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімдігі Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұсынысын қолдап, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын тоқсан сайын қызметтік көрсеткіштері мен атқарған жұмыстарының нәтижелері бойынша қаржылай ынталандыру тетігін енгізді.
Сонымен қатар ювеналдық полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қызметкерлерге 13 жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бұл полиция инспекторларының білім беру ұйымдарына, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен олардың отбасыларына жедел баруына және профилактикалық іс-шараларды уақытылы ұйымдастыруына мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйелерін жетілдіру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта мектептердегі бейнебақылау камераларын Жамбыл облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл білім беру ұйымдарындағы жағдайды жедел бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекет етуіне мүмкіндік береді.